Павлодарда кішкентай екі бала әткеншектен құлап, ауыр жараланды

Автор: Azattyq Rýhy

Екеуі де ауруханада жатыр

Павлодардағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында әткеншек сынып кетіп, оған мінген кішкентай екі бала оңбай құлады деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Оқиға сол маңдағы бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Кадрлардан әткеншек тепкен екі баланың әткеншекпен бірге ұшып түскенін байқауға болады. Оларға дереу ересектер жүгіріп келіп көмектескен. Балалар түрлі дене жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

«2006 жылы туған бала хирургия бөлімшесіне жатқызылды, жағдайы – орташа ауыр. 2007 жылы туған бала травматология бөлімшесіне жатқызылды, оның да жағдайы орташа ауыр», - деді Павлодар облыстық ауруханасының баспасөз хатшысы Кәмшат Күнпейісова.

Әлеуметтік желі қолданушылар бұл оқиғаның Целинная көшесінің бойындағы көпқабатты үйдің ауласында болғанын жазды. Аталған ойын алаңқайы әбден тозығы жеткен және бұл жерге ойнауға көрші үйлердің балалары да келеді дейді олар.