Бала ауруханада жатыр
Ақтөбеде хамамда күйіп қалған 5 жасар бала ауруханаға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
World Class спорт клубындағы жүзу үйірмесіне барып жүрген бала жаттығу аяқталған соң ыстық бу бөлмесіне кіріп кеткен. Оны ересектердің ешқайсысы байқамаған. Ауыр жарақат алған бүлдіршін бірден ауруханаға жеткізілді.
Зардап шеккен ұлдың анасы спорт клубындағы қауіпсіздік ережелері мен жауапсыздыққа наразылық білдірді. Оның айтуынша, ереже бойынша ата-аналардың бассейн аймағында жүруіне рұқсат берілмейді, өйткені балаларға бапкерлер жауапты деп түсіндірілген.
Полиция департаменті оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталғанын атап өтті. Денсаулық сақтау басқармасы баланың ем қабылдап жатқанын және оның жалпы жағдайы тұрақты екенін хабарлады.
Спорт клубы жүзу секциясының жұмысы уақытша тоқтатылғанын мәлімдеген.
«Ішкі тексеріс аяқталып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталғанша бапкер жұмыстан шеттетілді. Біз баланың әкесімен байланысып отырмыз. Қазіргі уақытта қызметкерлердің іс-әрекетіне, регламенттердің сақталуына және оқиғаның барлық мән-жайына қатысты ішкі тексеріс жүргізіліп жатыр. Ішкі тексеру қорытындысы бойынша мұндай жағдай енді қайталанбауы үшін қажетті шешімдер қабылдап, қосымша шаралар қолданамыз», - деді World Class өкілдері.
Клуб баланың отбасына көмек көрсетуге дайын екенін хабарлады.