Маңғыстау облысындағы кәсіпорын көше тазалығына жауапты 165 жұмысшыға жалақы төлемеген

Автор: Бақыт Шынар

Араға прокуратура араласып, мәселе оң шешімін тапты

Фото: istockphoto.com

Маңғыстау облысы Қарақия ауданының прокуратурасы жалақы ала алмай жүрген 165 қарапайым қызметкердің құқығын қорғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Прокуратураның мәліметіне сүйенсек, еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес жалақы айына кемінде бір рет, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешікпей төленуі тиіс.

«Талдау барысында «Тұрмыс-Сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының 165 жұмыскерге жалақыны уақтылы төлемегені анықталды. Прокуратура олардың құқықтарын қорғап, жалпы сомасы 29 млн теңге көлеміндегі жалақы берешегі толық өтелді», - деп хабарлайды прокуратура.

Жұмысшыларына жалақыны уақытылы төлемеген кәсіпорын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеген.