Арзан пәтерге үміттенген қарағандылықтар 70 млн теңгесінен айырылды

Автор: Алмас Ерсін

Күдікті өзін құрылыс компаниясының өкілі ретінде таныстырып, тұрғындардан миллиондаған теңге алған

Фото: Polisia.kz

Қарағандыда салынып жатқан тұрғын үй кешендерінен пәтер сатуға байланысты жасалған алаяқтыққа күдікті 44 жастағы әйел ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, оның әрекетінен 11 адам зардап шегіп, келтірілген шығын шамамен 70 млн теңгені құраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, тергеуге 9 шілдеде 29 жастағы қала тұрғынының арызы негіз болған. Оның айтуынша, күдікті маусым айында салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің бірінен нарықтағы бағадан арзан пәтер алып беруге уәде еткен. Осы сылтаумен жәбірленушіден 6 млн теңге алғанымен, уәде етілген баспананы рәсімдемей, ақшаны қайтармаған.

Арыздан кейін полиция жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады.

Тергеу барысында полицияға тағы он адам жүгініп, дәл осындай тәсілмен алданғандарын мәлімдеген. Тергеу нұсқасына сәйкес, әйел 2023 жылдан бері тұрғындардың сеніміне кіріп, тиімді бағамен пәтер алып беремін деп уәде беріп, олардың ақшасын иемденіп отырған.

Қазіргі уақытта анықталған материалдық шығын көлемі шамамен 70 млн теңгені құрайды.

Аталған факті бойынша аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Құқық қорғау органдары ұсталған әйелдің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп, басқа да жәбірленушілерді анықтап жатыр.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қарағанды облысы Полиция департаменті азаматтарды жылжымайтын мүлікке қатысты мәміле жасағанда сақ болуға, ресми рәсімделген келісімшартсыз ақша бермеуге, сатушылар мен делдалдарды мұқият тексеруге және нарықтағы бағадан айтарлықтай төмен ұсынылатын баспанаға күмәнмен қарауға шақырды.