ШҚО-да 5 жасар бала терезеден құлап кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір бала ауыр жағдайда қалалық ауруханада жатыр

Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Бүгін Риддер қаласындағы үйлердің бірінде 2015 жылы дүниеге келген бала 4-қабат терезесінен құлап кетті.  Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Департаменттің хабарлауынша, әжесімен бірге тұратын 5 және 7 жастағы балалар бөлмеде ойнап жатып, көшедегі жүк көлігінің даусына назары ауып, оны көру үшін терезе алдына шыққан. Сонда москит торына сүйенген балалардың кішісі құлап кеткен.

«Көбіне 2-7 жас аралығындағы балалардың терезеден құлап кету қаупі жоғары. Сол себепті, үйде балаларды қараусыз қалдыруға, терезеге жақын жерге балалар шығып кететіндей жиһаз қоюға болмайды. Москит торына да сенім жоқ, себебі, ең сапалы дегенінің өзі балалардың салмағын көтере алмайды. Осындай қауіпті болдырмас үшін терезе 1 см-ден артық ашылмайтындай етіп арнайы бекіткіш орнату керек», - дейді Риддер қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының қызметшісі Ренат Сармолдинов.

Қазір терезеден құлаған баланың жағдайы ауыр, ол ауруханада жатыр.