Желіде тұрғындар жаппай шағымданып жатыр
Астаналықтар жаппай масаға таланып жатыр. Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде маса шаққаннан кейінгі дененің реакциясын суретке түсіріп, таратып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жарияланған фотоларда жәндіктердің шаққан орны қатты ісіп, қызарып, тіпті үлкен сулы күлдіреуікке айналғанын көруге болады. Қала тұрғындарының айтуынша, биылғы масалар бұрынғыдан да агрессивті әрі уы күштірек секілді. Көпшілік шаққан орынның өте баяу жазылатынын айтып, денеде дақ қалып қоя ма деп қауіптеніп жатыр.
Медицинада мұндай реакцияны маса сілекейіне аллергиялық реакция - «Кулицидоз» немесе «Скитер синдромы» деп атайды. Маса қанды сорарда оның ұйып қалмауы үшін тері астына сілекейін жібереді. Кейбір адамдардың иммундық жүйесі сілекей құрамындағы ақуыздарға тым сезімтал келеді. Маса шаққан кезде ісіген жерді тырнап, қаси беруге болмайды. Себебі тері зақымдалып, ішіне инфекция түседі. Инфекция түскен соң жара іріңдеп, артынан тыртық пен қарайған дақ қалып қоюы мүмкін.