Ол туысын сабаған жігітке оқ атқан
Жамбыл облысы Меркі ауданына қарасты Кеңес ауылында көкпар тартқан жігіттер төбелесіп, арты үлкен жанжалға ұласты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
«Жамбыл соттарының» баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл оқиға биыл жыл басында, қаңтар айында болған.
«2026 жылдың қаңтарында «көкпар» ұлттық ойыны кезінде Кеңес ауылының екі тұрғыны ауызша жанжалдасып, арты төбелеске ұласқан. Біраз уақыттан кейін олардың бірі оқиға туралы туысына, яғни, сотталып отырған азаматқа хабарлаған. Ол адам бұзақылық ниетпен әрекет етіп, үйіне барып, өз атына заңды түрде тіркелген ИЖ-81 аңшылық мылтығын алып, оны резеңке оқпен оқтап, жәбірленушіні атып, денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Бұны көрген ауыл тұрғындары шошып кеткен», - деп хабарлайды Жамбыл соттары.
Оның кінәсі толық дәлелденген. Куәгерлер куәлік еткен, сараптама жасалған, полиция іске өзге де қорытындыларды тіркеген.
Прокурор оқ атқан ер адамды 3 жылға соттау керек деген позициясын айтқан. Ал, оқ тиген жігіт ер адамды кешіретінін айтып, талабы жоқ екенін мәлім еткен.
«Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі бойынша, ер адам бұндай әрекеті үшін 5 жылдан 7 жылға дейінгі сотталып кетуі мүмкіе еді. Ер адам кінәсін мойындап, өкінген. Жәбірленушімен татуласқанын, асырауында 4 кішкентай баласы, қарт ата-анасы және жұмыссыз әйелі бар екенін айтқан. Осыларды ескерген сот оны бес жылға шартты түрде соттады», - деп хабарлайды Жамбыл соттары.