Олар теңіз деңгейінен шамамен 2650 метр биіктіктен өздігінен түсе алмаған
Алматы тауларында үш турист түн ішінде бағытынан адасып, өздігінен төмен түсе алмай қалған. Құтқарушылар оларды 2650 метр биіктіктен тауып, қауіпсіз жерге алып түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 12 шілдеге қараған түні Алматының Медеу ауданында болған.
Үш турист теңіз деңгейінен шамамен 2650 метр биіктіктегі Қара сарқырама маңында бағытынан жаңылып, таудан өздігінен түсе алмаған.
Оқиға орнына Алматы қалалық ТЖД Құтқару қызметінің мамандары аттанған.
Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында мамандар үш туристі жедел тауып, оларды таудан қауіпсіз жерге алып түсті.
Туристердің ешқайсысына медициналық көмек қажет болмаған.
Төтенше жағдайлар министрлігі тауға шығар алдында бағытты алдын ала жоспарлап, ауа райы болжамын ескеруге кеңес берді.
Сондай-ақ қараңғы түскенге дейін кері қайтуды жоспарлау, толық қуатталған телефон мен қолшам алып жүру және сапар бағыты туралы жақындарына алдын ала хабарлау қажет.