Жол ережесін бұзғаны жайлы видеоны Instagram-ға салған жүргізуші жауапкершілікке тартылды

Автор: Azattyq Rýhy

Полиция өкілдері 18 жастағы жүргізуші жол ережесін әдейілеп бұзған деп есептейді

Фото: polisia.kz

Алматы облысында жол ережесін өрескел бұзып, оны желіге салған 18 жастағы жүргізуші Талдықорған қаласында жауапқа тартылды. 18 жастағы алматылық тұрғын бұл әрекеті үшін 5 хаттама толтырған, деп хабарлайды Polisia.kz.

Тәртіп сақшылары «Toyota Camry-70» маркалы автокөлік жүргізушісінің Талдықорған қаласының жолдарында жасаған әрекетін жауапсыз қалдырған жоқ. Алматы облысының Полиция департаменті әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, құқық бұзғандарға қарсы шара қолданады.

«Ол жігіт өз әрекетін Instagram желісінде және мессенджер топтарда жариялаған. Бақытымызға орай, жігіттің бұл қылығынан тұрғындардың ешқайсы жапа шекпеген. Бейнекадрде автоәуесқойдың бірнеше рет авариялық жағдай жасап, жол белгілері сызықтарынан шығып, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шыққаны, бұрылыс сигналдарын қоспағаны, жол бойындағы көлікті басып озып, бағдаршамның қызыл сигналына қарамай өтіп бара жатқаны байқалады», - деп хабарланады.

«Toyota» маркалы автокөлік жүргізушісі анықталып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 601-бабы 1-бөлігі, 599-бабы 1-бөлігі, 595-бабы 1-бөлігі, 606-бабы 1-бөлігі, 596-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Құқық бұзушының жүргізуші куәлігі алынып, автокөлік айыптұрағына қойылды. Жігіттің келешекте автокөлікті басқара алатын-алмайтыны сот шешімінен кейін белгілі болады.