Батыс Қазақстанда жол апатынан қызметтегі екі полицей қаза тапты

Автор: Алмас Ерсін

Қайғылы оқиға қызметтік міндетін атқару кезінде болған

Фото: instagram.com/sadenov_online

Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында қызметтік міндетін атқару кезінде болған жол-көлік оқиғасынан екі полиция қызметкері қаза тапты. Ішкі істер министрі марқұмдардың отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қызмет барысында полиция майоры Абзал Үмбетқалиев пен полицияның аға сержанты Нұрғали Әдиев қаза тапты.

Қазақстанның Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қаза болған полиция қызметкерлерінің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

«Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің Тасқала аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері – полиция майоры Абзал Үмбетқалиев пен полицияның аға сержанты Нұрғали Әдиевтің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын», – деп жазды ол Instagram парақшасында.

Ержан Сәденов Ішкі істер министрлігі марқұмдардың отбасыларына жан-жақты қолдау көрсететінін айтты.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты 3 шілде күні болған.

«Жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.