Тайландта бірнеше жол апатын жасаған қазақстандық әйел кепілмен босатылды – СІМ

Автор: Темірхан Айжан

Қазір тергеу жүріп жатыр

Фото: скриншот

Пхукетте бірнеше жол апатын жасап, полициядан қашқан қазақстандық әйелге қатысты ҚР СІМ пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

СІМ ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың мәліметінше, Пхукет аралында ірі жол-көлік оқиғаларына себепші болған Қазақстан азаматына қатысты тергеу басталған.

«Қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Отандасымыз кепілмен босатылды. Сот отырысы өткеннен кейін бұл жағдайға қатысты қосымша ақпарат жарияланады», - деді ол.

Бұған дейін таиландтық ақпарат құралдары Қазақстанның 30 жастағы азаматының заң бұзғанын хабарлаған. Әйел бірнеше сағат бойы «MG» маркалы автокөлігімен жол ережелерін өрескел бұзып, көшелерде бейберекет жүрген. Ол алдымен күре жолдардың бірінде көлігін көлденең қойып, қозғалысты бұғаттап тастаған. Кейіннен жол бойындағы өзге көліктер мен мотоциклдерді қағып-соққан. Ескі әуежай тасжолында ол микроавтобус пен мотоциклге соқтығысқан. Апат салдарынан екі адам жарақат алды.

Тәртіп сақшылары ескертуге бағынбай, қашуға әрекет жасаған әйелдің көлігін бірден тоқтата алмаған. Полиция қызметкерлері автокөліктің терезесін сындырып, жүргізушіні мәжбүрлі түрде сыртқа шығарған.

Алдын ала болжам бойынша, оның мұндай қауіпті қадамға баруына жеке өміріндегі сәтсіздіктер мен содан туындаған ауыр психологиялық күйзеліс әсер еткен болуы мүмкін.