Ол бұрын сотты болған
Павлодарда көшеде орналасқан кофе аппаратын бұзып, ішіндегі өнімдерді ұрлап кеткен 40 жастағы қала тұрғынына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі irbistv-ге сілтеме жасап.
Осыған дейін ол өзге біреуді тонап кеткені үшін сотталған, ал бұл жолы ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Павлодардың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының материалдарына сәйкес, оқиға Торайғыров көшесіндегі сауда үйінің жанында болған. Күдікті кофе беретін әйнектің ойығын екі қолымен жұлқи тартып, аппараттың бекіткіштерін зақымдаған. Кейін ол автоматтың ішінен ыстық шоколад, раф-кофе қоспасын, дәнді кофе мен құрғақ сүт өнімдерін жымқырып кеткен. Келтірілген материалдық шығын көлемі 35 мың теңгеге жуықтайды.
«Сотталушы аталған заттарды ұрлағаннан кейін автоматтың есігін жауып, оқиға орнынан бой тасалаған. Үйіне бара жатқан жолда ол ұрланған өнімдерді қоқыс жәшігіне лақтырып жібергенін, алайда оның нақты қай жерде екені есінде қалмағанын мәлімдеді», - делінген сот үкімінде.
Сот отырысында ер адам өз кінәсін толықтай мойындады. Тергеу барысында анықталғандай, қылмыс жасалған сәтте павлодарлық тұрғын пробациялық бақылауда болған және бұған дейінгі тонау дерегі бойынша жазасын әлі толық өтеп бітпеген.
Сот істің мән-жайларын және айыпталушының бұрынғы соттылығын ескере келе, оны ұрлық бабы бойынша айыпты деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.