Өртті сөндіруге жүздеген маман тартылды
Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы аумағында құрғақ шөп жанып, екі аумақта дала өрті тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бірінші өрт Қызылту бөлімшесінен шығысқа қарай 6 шақырым жерде ашық аумақта болған. Қызыл жалын 70 гектар жерді шарпыған.
Екінші өрт Бесоба ауылынан батысқа қарай 8 шақырым жерде тіркелді. Ашық алаңқай мен тастақты жерлер жанып, өрттің жалпы ауданы 80 гектар болды. Екі өрт аумағы да жедел оқшауланды.
Өртті сөндіруге Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар, Бесоба ауылының еріктілері және «Қамқор» кәсіби өртке қарсы қызметі жұмылдырылды. Оқиға орнында барлығы 100 адам және 24 техника жұмыс істеді. Оның ішінде ТЖМ күштерінен 57 қызметкер мен 10 техника тартылған.
Қарағанды облысы ТЖД азаматтарға өрт қауіпті кезеңде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, құрғақ шөпті өртемеуге және далалықта от жақпауға шақырады.