14 жастағы жасөспірім қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін
Филиппиннің орталығындағы Таклобан қаласында мектеп оқушылары өз қатарластарына қарулы шабуыл жасады. Сан-Хосе ұлттық орта мектебінің екі оқушысы сыныптастарына оқ жаудырып, салдарынан үш бала көз жұмды. Кем дегенде 20 адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Associated Press мәліметінше, шабуыл жасаған 14 пен 15 жастағы екі жасөспірім қолға түсті. Зардап шеккендердің көбі – қыздар, олардың 15-іне оқ тиген. Ал қалғандары терезеден секіріп, қашуға әрекеттенген кезде жарақат алған.
Күдіктілер тергеушілерге мектепте буллинг көргендерін мойындаған. Олардың қаруды ғимаратқа еш кедергісіз алып кіруіне мектепте күзеттің нашар ұйымдастырылуы себеп болған. Мектептің бірнеше есігіне тек бір ғана күзетші бекітілгені анықталды. Оқушылардың бірі шабуылға қажетті 9 миллиметрлік тапаншаны полицияда істейтін әпкесінен ұрлап алса, екіншісі 38 калибрлі револьвер қолданған.
Ел президенті Фердинанд Маркос оқыс оқиғаға байланысты көңіл айтып, құқық қорғау органдарына білім ошақтары мен қоғамдық орындарда қауіпсіздік шараларын шұғыл күшейтуді және тергеуді қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Күдіктілердің кәмелетке толмауына байланысты олар арнайы әлеуметтік қызметкерлерге тапсырылады. Филиппин заңы бойынша 14 жастағы жасөспірім қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін, ал 15 жастағы күдіктінің өз әрекетіне жауап беру қабілеті қосымша тексеріледі. Қазіргі уақытта кешенді тергеу амалдары жүріп жатыр.