Азаматтардың жүрегі наразылыққа толы екенін түсінемін – Жеңіс Қасымбек

Автор: Azattyq Rýhy

Сәтпаев қаласындағы қыз баланы ұрлауға қатысты іс Мемлекет басшысының бақылауында

Сәтпаев қаласында бес жасар қызды ұрлау ісі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек аймақ тұрғындарына арналған бейнеүндеуде хабарлады.

Облыс әкімі күдіктінің ұсталғанын, қазір барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын айтты. Қыз ата-анасымен үйде. Өңір басшысы баланың денсаулығын үздік мамандар қадағалайтынына сендірді.

«Өкінішке қарай, Сәтпаевта оқиға болған түні кінәсіз адамдарға зиян келтірілген. Тәртіп бұзушыларды тоқтату үшін жеке құрам оқиға орнына жұмылдырылды. Мен азаматтарымыздың жүрегінде наразылық толы екенін түсінемін және келісемін. Бірақ біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз, сондықтан да эмоциямызды ұстап, болған жағдайды құқықтық алаңда қарауымыз керек», - деді Жеңіс Қасымбек.

Ол сондай-ақ тергеу аяқталғаннан кейін кінәліні қатаң жаза күтіп тұрғанын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, 23 шілдеде Сәтпаев полициясына бес жасар қызының жоғалғаны туралы ер адам хабарлаған болатын. Іздестіру жұмыстарына жергілікті полиция бөлімінің барлық жеке құрамы мен жүзден астам еріктілер қатысты. Бала түнде көпқабатты үйлердің бірінен табылды. Бұл үлкен шу тудырды. Қаладағы жағдай тұрақтанды. Қазір Сәтпаев қаласы күнделікті режимде өмір сүруде.