«Ауыр эмоционалды күйде болған»: Алматыда ер адам 16-қабаттан секіріп кете жаздады (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Оны полиция қызметкерлері құтқарып қалды

Фото: Polisia.kz

Алматы ққаласы Бостандық ауданының полиция қызметкерлері 16-қабаттан секіріп, суицид жасамақ болған ер адамды құтқарып алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Polisia сайтының мәліметінше, оқыс оқиға, кеше, 14 маусым күні кешке болған.

«Кешқұрым «102» Бостандық ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде ер адамның 16-қабаттағы балконның сыртқы жағында тұрғаны және кез келген сәтте құлап кету қаупі бар екені туралы шұғыр хабарлама келді. Оқиға орнына полиция қызметкерлері, оның ішінде «Боран-407» және «Боран-414» патрульдік экипаждары жедел түрде жеткен», - деп хабарлайды полиция.

Патруль қызметкерлері жағдайдың қаншалықты қорқынышты екенін бірден бағамдап, ең алдымен уақыт ұтуға және ер адамның назарын басқа жаққа бұруға талпынған.

«Қолайлы сәт туған кезде полиция қызметкерлері батыл әрі жедел әрекет етіп, ер адамды ұстап қалып, қауіпсіз жерге шығарды. Бостандық аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінің жедел-криминалистикалық бөлімшесінің бастығы Айдын Әбілдің айтуынша, бұл жағдайда әр секунд шешуші рөл атқарған», - деп хабарлайды полиция.

Жалпы, оқиға орнына жеткен полицияның мәліметінше, ер адам ауыр эмоционалды күйде болған.