Азамат Сәрсенбаевтың айтуынша, ол торт сұраған
Желіде интимді видеосы тарап, елді шулатқан «Хан» атты лақап аты бар тамада - Қасым Өтешев ақтаулық белгілі блогер Азамат Сәрсенбаевтың отбасын алдап кетті. Бұл туралы блогер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында айтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Азамат Сәрсенбаевтың жазуынша, шоумен блогердің әйеліне тиесілі кондитерлік дүкеннің парақшасына жазып, бартерлік ұсыныс тастаған. Ол өзінің туған күніне орай «стористе белгілеу» шартымен тегін торт сұраған.
«Әйелім оның шартына күмәнмен қарады, бірақ мен оған 9000 теңгелік торт пен майшамдарды беруге кеңес бердім. Өзі іздеп келіп, өтініп тұрған соң, «мұндай кейіпкерлердің өзінен келген жарнама болса да, бәрібір пайдасы тиер» деп ойладым. Соңында «шала тамада» тортты алған бойда әйелімді алдап кетті, парақшамызды сторисінде белгілеген де жоқ», - деп жазды Азамат Сәрсенбаев.
Блогердің сөзінше, жазба жарияланғанға дейін шоуменге торттың құнын төлей салуға мүмкіндік берілген. «Хан» қаражатты кешке дейін аударуға уәде беріп, бірақ сөзінде тұрмаған.
Еске салайық, «Ханның» төңірегіндегі дау мұнымен бітпейді. Сот кабинеті мәліметтеріне сүйенсек, Қасым Өтешев жақында ғана әкімшілік қамауға алынған. Оған полицияның заңды талаптарын орындамады деген айып тағылды. Іс материалдарына сәйкес, 13 мамырда құқық қорғау органдары шоуменнің атына азаматтық некедегі әйеліне жақындауға тыйым салатын қорғау нұсқамасын шығарған. Осы құжатқа сәйкес, тамадаға 30 күн бойы бірге тұратын әйеліне жақындауға қатаң тыйым салынды.
Алайда шоумен ресми тыйымды бұзып, қорғау хаттамасының талаптарын елемеген. Сот Өтешевтің кінәсін толық дәлелденді деп танып, 22 мамырда оны 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
Бұған дейін тамада «Ханның» әйелімен бірге түсірген интимдік видеосы тарап, даудың ортасында қалған еді. Шоумен жеке видеосын кәмелетке толмаған мобилограф бала таратты деп айыптап, полицияға арыз түсірген болатын.