Текеліде ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал адам өліміне ұласты

Автор: Алмас Ерсін

Күйеуінің өліміне байланысты көпбалалы әйел ұсталды

Фото: © istockphoto.com

Жетісу облысының Текелі қаласында күйеуін өлтірді деген күдікпен жергілікті тұрғын әйел ұсталды. Отбасылық жанжал кезінде пышақ жарақатын алған ер адам оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми түрде растады. Ведомствоның мәліметінше, қайғылы оқиға 10 маусымда болған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, ерлі-зайыптылар арасында дастарқан басында туындаған тұрмыстық жанжал қайғылы жағдайға ұласқан.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Тергеу барысында өлімге әкелген жарақатты әйелдің ерлі-зайыптылардың бірге алкогольдік ішімдік ішіп отырған кезінде салғаны анықталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы бақылауда және прокуратура органдарымен келісу арқылы жүзеге асырылуда», – деп мәлімдеді ведомстводан.

Полицияның мәліметінше, күдіктіге қатысты сот санкциясымен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.

Қазіргі уақытта ол Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторында отыр.

«Қажетті тергеу әрекеттері толық аяқталғаннан кейін түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деді Жетісу облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.