Алматыдағы 12 жастағы баланың өлімі: полиция қылмысқа қатысты жаңа мәліметтерді жариялады

Автор: Алмас Ерсін

Қайғылы оқиға бойынша тергеу жалғасып жатыр

Фото: © istockphoto.com

Алматы полициясы Түрксіб ауданында 12 жастағы баланың өліміне қатысты тергеудің жаңа мән-жайларын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция департаментінің мәліметінше, қылмысты тергеу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылған. Қылмыстық істің тергелуі ведомство басшылығының ерекше бақылауына алынған.

Алдын ала деректерге сәйкес, хат-хабарлар мен бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеу нәтижесінде қаза болған жасөспірімнің күдіктінің үйіне арадағы мәселені анықтау үшін барғаны белгілі болған.

«Алдын ала мәлімет бойынша, оның ішінде қолдағы бейнежазбалар мен хат-хабарларды зерделеу нәтижесінде жәбірленуші жасөспірімнің күдіктінің тұрғылықты жеріне арадағы мәселені анықтау үшін барғаны анықталды. Пышақ жарақаттары өзара келіспеушіліктен туындаған жанжал барысында салынған», – деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаменті.

Күдікті ретінде кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды. Тергеу кезеңінде ол арнайы мекемеге орналастырылған.

Полиция өкілдері тергеу жалғасып жатқанын, ал қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы қылмыстық іс аясында анықталатынын мәлімдеді.э

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 13 жастағы бала қатарласын 9 жерден пышақтап, аяусыз өлтіргені туралы жаздық.