Алматыдағы 12 жастағы баланың өлімі: полиция қылмысқа қатысты жаңа мәліметтерді жариялады
Қайғылы оқиға бойынша тергеу жалғасып жатыр
Алматы полициясы Түрксіб ауданында 12 жастағы баланың өліміне қатысты тергеудің жаңа мән-жайларын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметінше, қылмысты тергеу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылған. Қылмыстық істің тергелуі ведомство басшылығының ерекше бақылауына алынған.
Алдын ала деректерге сәйкес, хат-хабарлар мен бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеу нәтижесінде қаза болған жасөспірімнің күдіктінің үйіне арадағы мәселені анықтау үшін барғаны белгілі болған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, оның ішінде қолдағы бейнежазбалар мен хат-хабарларды зерделеу нәтижесінде жәбірленуші жасөспірімнің күдіктінің тұрғылықты жеріне арадағы мәселені анықтау үшін барғаны анықталды. Пышақ жарақаттары өзара келіспеушіліктен туындаған жанжал барысында салынған», – деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаменті.
Күдікті ретінде кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды. Тергеу кезеңінде ол арнайы мекемеге орналастырылған.
Полиция өкілдері тергеу жалғасып жатқанын, ал қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы қылмыстық іс аясында анықталатынын мәлімдеді.э
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 13 жастағы бала қатарласын 9 жерден пышақтап, аяусыз өлтіргені туралы жаздық.