Шетел азаматы жоғалған сөмкесін тауып берген Қазақстан полицейлеріне алғыс айтты
Атырау-Ақтөбе тас жолының бойындағы Сағыз ауылының маңында Қытайдан келген туристің сөмкесі жоғалып кеткен. Жергілікті полиция шетелдік азаматтың сөмкесін тауып беріп, оның алғысына бөленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қытай Халық Республикасының Ван Тао есімді азаматы құжаттары, телефоны және қомақты ақшасы салынған қол сөмкесін жоғалтып алған. Оқиға туралы ақпарат алған патрульдік полиция ротасының қызметкерлері дереу іздестіру жұмыстарын ұйымдастырып, учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп жоғалған мүлікті іздеуге кірісті. Полицейлер жедел әрі үйлесімді әрекет ете отырып, сөмкені бір сағаттың ішінде тауып, иесіне қайтарып берді», - деп хабарлайды полиция.
Өзінің құжаттары мен бағалы заттарын толық күйінде алған шетелдік азамат тәртіп сақшыларына шынайы ризашылығын білдіріп, көрсеткен көмектері үшін алғыс айтты.