Қазір осы тұрғынның аудиожазбасы таралып жатыр
Жамбыл облысының тұрғыны әйелі есінен танып қалған кезде оған көмектесіп, тез арада ауруханаға жеткізіп берген полиция қызметкері Жандос Нарбаевқа алғыс айтып, аудио жазған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазір Жамбыл облысының полициясы ол азаматтың алғысы негізінде оқиғаның видеосын жариялап, мән-жайды түсіндірген.
«Полиция қызметкері Жандос Нарбаев қызметін атқарып жүргенде оның көлігінің жанына Nissan маркалы көлік келіп тоқтайды. Көліктен түскен жүргізуші әйелінің кенеттен есінен танып қалғаны анықталды. Жүргізуші жұбайын шұғыл түрде ауруханаға жеткізуге асығып бара жатқанын айтқан. Жағдайдың маңызын түсінген тәртіп сақшысы автокөлікті ауруханаға дейін ертіп апарған», - деп хабарлайды полиция.
Осылайша, ауруханаға тез жеткен ер адам әйелін аман алып қалған. Дәрігерлер сәл кешіккенде жағдайдың салдары ауыр болатынын айтқан көрінеді.
«Жұбайының жағдайы тұрақталғаннан кейін тұрғын Жамбыл облысы полиция департаментіне арнайы барып, полиция қызметкеріне шынайы алғысын білдірді. Оның айтуынша, полицейдің жедел әрекеті мен кәсібилігі жұбайының өмірін сақтап қалуда маңызды рөл атқарған», - деп хабарлайды Жамбыл облысының полиция қызметкері.