«Менің жеке брендім қыруар табыс әкеледі»: Ақтөбеде ұлттық киім сататын әйел азаматтардың 72 млн теңгесін алдап алған

Автор: Бақыт Шынар

Ол сегіз адамның сеніміне кіріп, бренд дамыса, олар инвестициясынан 10 пайыз табыс көріп отырады деп сендірген

Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Ақтөбе қаласының полициясы ұлттық киім мен әшекей сататын әйелдің алаяқтығына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Дереккөзге сүйенсек, ол Instagram арқылы жарнама беріп, брендке инвестиция құйған азаматтарға мол табыс уәде еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.  

Ақтөбе полициясы ескертіп отырғандай, бұл таза алаяқтық болған. Өйткені, дүкен иесі әр адаммен жеке кездесіп, олардың сеніміне кіріп, ақшаларын алдап алған.

«Қазір қылмыстық істе 8 адам жәбірленуші болып тіркеуде тұр. Олар 72 млн теңгесінен айырылған. Ақтөбе полициясы ұлттық киімнің брендінен зардап шеккен басқа азаматтар болса, тұрғылықты жері бойынша бөлімшелерге хабарласуды сұрайды», - деп хабарлайды полицияның баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе полициясы туристік фирмаға алданған азаматтарды да іздеген еді.