«Бұзақылық жасап, полицейлерге қарсылық танытты» – ІІМ Сәтпаевтағы жағдай туралы

Автор: Azattyq Rýhy

Министрдің айтуынша, баланы зорлады деген күдікпен бір азамат қамауға алынған

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Сәтпаев қаласында болған оқиғаға қатысты шұғыл брифинг өткізді.

«23 шілде күні кешкі сағат 9-да Сатпаев қаласының Ішкі істер басқармасына 5 жасар қыздың жоғалғаны туралы арыз түсті. Дереу іздестіру нәтижесінде, бүлдіршін қаладағы бір үйден табылды. Жас қызды зорлады деген күдікпен бір азамат қамауға алынды. Бірақ бірнеше адам күдіктіні өз қолдарына беруді талап етті, жанжал шығарды. Бұзақылық жасап, полицейлерге қарсылық танытты. Тәртіпсіздікке жол бермеу үшін қосымша полиция күштері тартылып, жағдай бақылауға алынды. Бұл оқиға бойынша бірнеше баппен қылмыстық іс тіркелді. Тергеу амалдары жалғасуда. Елдегі қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полицейлер бар күшін жұмсайды», - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Министр әлеуметтік желі арқылы тарап жатқан жалған ақпараттарға сенбеуге және оны таратпауға шақырды.

«Тек ресми ақпаратқа сенініздер. Ішкі істер министрлігі үнемі мониторинг жүргізіп, жағдайды бақылап отыр. Жалған, негізсіз ақпарат таратуға қатысты заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», - деп айтты Тұрғымбаев.

Еске салайық, кеше түнде Сәтпаев қаласында 5 жасар қызды ұрлаған күдіктіні тұрғындар өз бетінше жазаламақ болған.

Кейін полиция басқармасы күдіктінің ұсталғанын, қыздың ауруханаға жеткізілгені туралы хабарлады. Оқиға орнына Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек кетті.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан