Астана тұрғыны басқа қалаға жеткізуі тиіс болған алтын бұйымдарды ломбардқа өткізіп жіберген

Автор: Алмас Ерсін

Елордада жеткізіп беру сылтауымен алтын әшекейлерді иемденіп кеткен күдікті ұсталды

Фото: © istockphoto.com

Астана полицейлері алаяқтық жасады деген күдікпен 33 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жәбірленуші басқа қалаға жіберу үшін бірнеше қорапты курьер арқылы такси жүргізушісіне тапсырған.

Жол үстінде күдікті қораптарды ашып көріп, олардың бірінен алтын бұйымдарды тапқан. Осыдан кейін ол құны 3 миллион теңгеден асатын алтын әшекейлерді ломбардқа өткізіп, жеткізу бойынша тапсырысты орындамаған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында Алматы аудандық криминалдық полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Тергеу кезінде ер адам өз кінәсін толық мойындаған.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Астана қалалық полиция департаменті азаматтарға бағалы заттарды жіберу кезінде сақ болуға және сенімді ресми жеткізу қызметтерін пайдалануға кеңес береді.