Полиция қылмыстық іс қозғап, оқиғаның себептері мен жағдайларын анықтап жатыр
Таразда кәмелетке толмаған қыздың өліміне байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім туыстарымен болған жанжалдан кейін өзіне қол жұмсаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 9 маусымнан 10 маусымға қараған түні болған.
«Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді Жамбыл облысы полиция департаменті.
Ведомство өкілдері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын мәлімдеді.
HALYQSTAN Telegram-арнасының хабарлауынша, кәмелетке толмаған қыз бауырлар арасындағы жанжалдан кейін көз жұмған.
Басылымның мәліметінше, жасөспірімнің інісімен жеке заттарға байланысты келіспеушілігі туындаған. Кейін ол жанжал төбелеске ұласқан. Сол кезде қыз қолына пышақ алып, інісін жарақаттаған. Куәгерлердің айтуынша, баланың маңдайында сызат болған.
Анасы балаларды ажыратып, қызын бөлмесіне жіберген. Оны сабырға шақыруға ағасы мен әжесі де тырысқан. Алайда қыз қатты күйзеліп, жылап, айқайлап, заттарды лақтырып, жақындарымен сөйлесуден бас тартқан. Кейін оны тіршілік белгілерінсіз тапқан. Ол ауладағы душ бөлмесінде асылып қалған.
Аталған дерек бойынша өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.