75 млрд теңге фундаменталды ғылымға бөлінген
Ғылым саласына бөлінетін 261 миллиард теңгенің тек 13 миллиард теңгесі ғана ғылыми зерттеулерді нақты өнімге айналдыруға жұмсалады. Мәжіліс отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Болатбек Нажметдинұлы ғылымды қаржыландыру құрылымын қатаң сынға алып, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың мәлімдеуінше, елде тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың үлесі азайып, ғылымды коммерцияландыру деңгейі құлдырап барады. Бұл ғылымның экономикаға әсерін төмендетеді.
«Ғылымға 261 миллиард теңге бөлініп отыр. Соған қарамастан, ғылымды өндірістік деңгейге жеткізіп, сериялы өндіріске шығаруға тиіс тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың үлесі 13%-тен 5%-ке дейін, яғни үш есе қысқарған. Бүгінгі күні осы қыруар қаржының тек 13 миллиард теңгесі ғана нақты секторға бағытталып отыр», – деді Болатбек Нажметдинұлы.
Депутат халықаралық тәжірибені мысалға келтіре отырып, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 60%-дан асатынын атап өтті. Сондай-ақ, еліміздегі 41 коммерцияландыру жобасының тек 38-і ғана тұрақты сатылымға ие екенін мәлімдеді.
«Тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың үлесі АҚШ-та 67%, Кореяда 64%. Ендеше, бұл Ғылым және жоғары білім министрлігінің әдейі жүргізіп отырған саясаты ма? «Қағаз жүзіндегі ғылымды» қаржыландыруды бірінші орынға қойып, ал тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар екінші орынға ығыстырылды ма? Әлде бұл жағдайды министрлік бақыламай отыр ма?», – деді депутат.
Қойылған сауалға жауап берген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға аз көңіл бөлінгенін растап, «біздің осал тұсымыз» деп мойындады.
«Гранттар құрылымына қарасақ, бұрынғы жылдары басымдық фундаменталды ғылымға берілген еді. Қазір бұл құрылым біртіндеп өзгеріп жатыр. Өткен жылы шамамен 14 млрд теңге тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға, 75 млрд теңге фундаменталды ғылымға, шамамен 170 млрд теңге қолданбалы гранттар мен бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға бағытталды. Яғни, құрылым біртіндеп өзгеріп келеді. Бірақ тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар – біздің әлсіз тұсымыз. Осыған байланысты инновациялар туралы жаңа концепция аясында арнайы өзгерістер енгізілуде. Бұрын ғылым мен өндіріс арасындағы байланысқа жеке қаржыландыру болмаған. Енді тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жеке грант түрі енгізіледі. Бұл мәселені біз жүйелі түрде шешеміз», – деді ол.
Алайда, ведомство басшысы «миллиардтаған қаржы тек тиімсіз, қағаз жүзіндегі жобаларға кетеді» деген пікірмен толық келіспейтінін білдірді. Саясат Нұрбек қазіргі таңда министрлік тарапынан жағдайды жүйелі түрде шешу үшін нақты тетіктер енгізіліп жатқанын жеткізді.
«Бұл пікірмен толық келісе алмаймын. Қазіргі таңда бізде жақсы жобалар бар. Біз жаңа механизм енгіздік. Ірі өнеркәсіптік компанияларды ғылыми-зерттеу институттарымен және ғылыми ұжымдармен тікелей байланыстырып отырмыз», – деді ол.