«Неге сіз солай айтасыз?»: Қазақстанда бір айдан кейін жанармай бағасы қымбаттауы мүмкін бе

Автор: Темірхан Айжан

Бензин мен дизель отынының қоры шамамен 36 күнге жетеді

Фото: © istockphoto.com

Мәжіліс кулуарында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жанармай бағасына қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта елде жанармай қоры жеткілікті деңгейде, бензин мен дизель отынының қоры шамамен 36 күнге жетеді. Сондықтан нарықта тапшылық қаупі жоқ.

Осы орайда журналистер «Бағаның күрт шарықтауы мүмкін бе?» деген сұрақ қойды.

«Неге сіз солай айтасыз? Қазір халық алаңдайтын ешқандай негіз жоқ. Бізде сақтау қоры жеткілікті. Егер баға күрт өсетін болса, Энергетика министрлігі дереу араласады. Бұған дейін 10 теңгеге өсуі мүмкін деген ақпаратты да жоққа шығарғанмын. Егер ондай жағдай тіркелсе, міндетті түрде араласамыз», – деді ол.

Оның сөзінше, нарықтық механизмдер аясында жанармай бағасында 1-2 теңгеге аздаған ауытқулар болуы мүмкін, алайда жағдай тұрақты бақылауға алынған.

«Негізсіз баға өсіретін кәсіпкерлер анықталған жағдайда тиісті шаралар қолданылады. Бұл – бәсекелестікті қорғау және реттеу органдарымен бірлесіп қаралатын мәселе», – деді ол.

Министрліктің дерегінше, елдегі мұнай өндіру көлемі шамамен 1,73 млн баррель, ал міндеттемелер 1,71 млн баррель деңгейінде тұр. Бұл жоспардың сәл артығымен орындалып отырғанын көрсетеді.

Айта кетейік, Энергетика министрлігінің 2025 жылғы мораторийі аяқталып, «Ашық НҚА»-дағы шектеулер алынып тасталды. Осы уақытқа дейін АИ-92 бензині мен дизель отынының бағасын тұрақтандырып келген мемлекеттік бақылаудың тоқтауына байланысты, жанармай нарығы еркін баға жүйесіне ауысуда.