«Самұрық-Қазына» «Қазақстан халқына» қорына тиісті соманы неліктен аудармай отыр – Жұманғарин жауап берді

Қаражат аудару үшін орындалуы тиіс рәсімдер бар 

«Самұрық-Қазына» «Қазақстан халқына» қорына тиісті соманы неліктен аудармай отыр  – Жұманғарин жауап берді
Фото: skc.kz

Мәжіліс отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Сайыров «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының «Қазақстан халқына» қорына аударуы тиіс қаражат көлеміне қатысты мәселені көтерді. Ол соңғы жылдары қордың таза пайдасының 7%-ін аудару жөніндегі Президент тапсырмасы толық орындалмай отырғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Фактілерге жүгінетін болсақ, 2022 жылы бұл көрсеткіш 7 пайыз болған, 2023 жылы – 3,8 пайыз, ал 2024 жылы – 5,2 пайыз ғана аударылған. Биыл «Самұрық-Қазына» «Қазақстан халқына қорына» толық 7 пайыз аудара ма? Соңғы екі жылда неге Президент тапсырмасы мен заң толық орындалмады?» – деп сұрады Ерлан Сайыров.

Депутаттың сұрағына Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жауап берді.

Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры туралы заңда қорға кемінде 7% аударылуы тиіс екені нақты көрсетілген. Алайда қаражат аудару үшін бірқатар рәсімдер орындалуы қажет.

«Біріншіден, Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданады. Екіншіден, екі қор арасында келісімшарт жасалады. Одан кейін «Қазақстан халқына» қоры қажетті қаражат көлемін көрсетіп, ресми сұрау хат жолдауы керек. Соңғы үш жылда мұндай сұрау хаттар толық көлемде болмағандықтан, қаражат та толық аударылмады», – деді Жұманғарин.

Министрдің мәліметінше, өткен жылы Үкімет тиісті қаулы қабылдаған. Соған қарамастан, 2025 жылы қорға 62,2 млрд теңге ғана аударылған. Оның ішінде онкологиялық қызметтерге 43 млрд теңге, сирек кездесетін ауруларды емдеуге 19,2 млрд теңге, ауылдарда мектептер салуға 12,5 млрд теңге бағытталған.

Серік Жұманғарин бұл мәселе көбіне «Қазақстан халқына» қоры жолдайтын сұрау хаттардың көлеміне байланысты екенін айтты.

«Біз жыл сайын толық 7 пайыз көлеміндегі аударымды қамтамасыз етуді көздейміз», – деді ол.