Былтыр квазимемлекеттік секторға 812 млрд теңге бөлінген

Автор: Темірхан Айжан

Квазимемлекеттік сектордың бюджетке тәуелділігі күшейген

Фото: freepik

Қазақстанда квазимемлекеттік сектордың экономикаға және мемлекеттік қаржы жүйесіне көлемді ықпалы өзгерген жоқ. Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеуінше, жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру қарқыны баяулаған. Қазіргі кезде бәсекелі секторға негізінен коммуналдық кәсіпорындар ғана шығарылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Смайылов кей жағдайда жергілікті атқарушы органдар абаттандыру, көшелерді тазарту секілді қарапайым қызметтерді жедел әрі сапалы қамтамасыз ету мүмкіндігінен айырылып отырғанын айтты.

«Квазимемлекеттік сектордың бюджетке тәуелділігі күшейген. 2025 жылы бұл секторға 812 млрд теңге бөлінген, оның 57%-і мемлекеттік тапсырмалар арқылы берілген. Мемлекеттік тапсырманың өзі ведомстволық бағынысты ұйымдарды конкурстан тыс қаржыландыру нысанына айналып отыр. Жекелеген жағдайларда жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің едәуір бөлігі басқа жеке орындаушыларға беріледі. Квазимемлекеттік сектор субъектілері мемлекеттік сатып алу шеңберінде тағы да 1,4 трлн теңге алды. Жалпы, бюджет қаражатын игеру процесінде атқарушылық тәртіптің жеткіліксіз деңгейі және нәтижеліктің шектелгені байқалады. Жекелеген субъектілердің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы талап етілмеген қалдықтары қомақты. Үкіметтің есебіне квазимемлекеттік сектор бойынша ақпараттың енгізілгеніне қарамастан, олардың жалпы елдегі міндеттерді іске асыруға тигізетін ықпалы ашып көрсетілмеген», – деді ол.

Сондай-ақ ол 2025 жылдан бастап бюджет процесіне бюджеттен тыс қорлар енгізілгенін еске салды. Алайда олардың нақты саны мен қызметі туралы толыққанды есеп әлі жоқ.

ЖАП мәліметінше, бюджеттің атқарылуы туралы есепте төрт бюджеттен тыс қорға қатысты ақпарат жеткіліксіз көрсетілген. Олар: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, Жәбірленушілерге өтемақы қоры және Арнаулы мемлекеттік қор.

«Олардың қызметінің нәтижелілігіне және бюджеттен тыс ағындардың ашықтығына толыққанды бағалау жасалмады. Сонымен бірге парафискалдық төлемдер де тиісті бақылаудан тыс қалып отыр. Олар бюджеттiк жүйеден тыс жүредi, және тиімділігі бағаланбайды», – деді Смайылов.