Гидтер мен экскурсия жүргізетін тұлғалардың қызметі енді заңмен реттеледі
Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі балалар ұлттық парктерге тегін кіреді
Гидтер мен экскурсия жүргізушілерінің қызметі заңмен реттеледі. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, елімізде алғаш рет «визит-орталық» ұғымы заңнамалық тұрғыдан бекітіліп, оларды құру мен жұмыс істеуінің негізгі талаптары айқындалды.
«Туристік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында гидтердің, экскурсия жүргізушілерінің және туризм нұсқаушыларының қызметін жүзеге асыру қағидалары бекітілетін болады»,- деді ол.
Сонымен қатар, 18 жасқа дейінгі балалар үшін ұлттық парктерге тегін кіру енгізілді.
«Бұл шара ішкі туризм мен экологиялық демалыстың қолжетімділігін арттырады. Сонымен қатар каникул кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Туризм саласын дамытудың тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының жаңартылған жобасына сәйкес, инженерлік, көліктік және туристік инфрақұрылымды дамыту көзделген. Сондай-ақ инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау, визалық-көші-қон режимін жетілдіру, бәсекеге қабілетті туристік өнімдерді қалыптастыру, маркетингті күшейту және саланы кадрлармен қамтамасыз ету шаралары қамтылған», - деді ол.