Құтқарушылар 3500 метр биіктіктегі ер адамды қауіпсіз жерге эвакуациялады
Алматы маңындағы тауда туристің жағдайы нашарлап, ол 3500 метрден астам биіктіктегі күркеде қалып қойған. Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, ер адамды қауіпсіз жерге эвакуациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, турист Погребецкий шыңынан түсіп келе жатқан кезде денсаулығы сыр берген.
Салдарынан ол 3500 метрден астам биіктікте орналасқан «Қызыл Сай» күркесінде аялдауға мәжбүр болған.
Оқиға болған аумақта ұялы байланыс жұмыс істемейді.
Туристпен бірге жүрген екі адам жолды жалғастырып, Үлкен Алматы көлі маңындағы демалыс орнына жеткеннен кейін құтқарушыларға хабар берген.
Оқиға орнына Алматы қалалық ТЖД Құтқару қызметінің мамандары жедел аттанған.
Құтқарушылар туристі тауып, оны «Алма-Арасан» экобекетіне дейін жеткізген.
Таудан түскеннен кейін ер адамның жағдайы жақсарып, дәрігерлердің көмегі қажет болмаған.
Кейін турист пен оның екі серігі үйлеріне өздігінен қайтқан.