Алматыда адам өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Күдікті қылмыстың ізін жасыруға әрекет жасағанымен, полиция оны жедел қолға түсірді

Алматының Түрксіб ауданында полицейлер 32 жастағы ер адамның өліміне қатысты қылмысты ізін суытпай ашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция мәліметінше, ер адамның мәйіті жекеменшік үйлердің бірінің ауласындағы жалдамалы уақытша баспанадан табылған.

«Полиция қызметкерлері қысқа уақыт ішінде марқұмның араласқан ортасын анықтап, күдіктінің ізіне шықты. Белгілі болғандай, оқиға алдында ер адамдар бірге спирттік ішімдік ішкен. Кейін олардың арасында жанжал туындаған. Тергеу дерегіне сәйкес, күдікті жәбірленушіге өлімге әкелген жарақаттар салған. Одан кейін қылмыстың ізін жасыруға әрекет жасап, мәйітті тағамдық үлдірге орап, басқа жерге алып кетуді жоспарлаған», – делінген хабарламада.

Мәйіт табылғаннан кейін бірнеше сағат ішінде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.