Мемлекеттік органдармен соттасу жиіледі, бірақ даулардың жалпы үлесі әлі де аз - Сот алқасы төрағасы

Автор: Темірхан Айжан

Қаржы министрлігіне қатысты жылына шамамен 11–12 мың іс сотқа түседі

Фото: freepik

Қазақстанда мемлекеттік органдардың шешіміне наразы болып, сотқа шағымданатын адамдар көбейіп келеді, дегенмен, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтердің жалпы санымен салыстырғанда, мұндай сот даулары әлі де өте аз. Бұл туралы Жоғарғы Соттың Әкімшілік істер жөніндегі алқа төрағасы Аслан Түкеев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот алқасы төрағасының айтуынша, елде жаңа құқықтық мәдениет қалыптасып келеді.

«Адамдардың өз құқығын қорғауға деген талпынысы күшейіп келеді. Шенеуніктердің шешіміне көнбей, бірден сотқа жүгіну қалыпты жағдайға айналды. Бірақ, мемлекеттік органдар атқаратын жұмыстардың жалпы ауқымымен салыстырсақ, сотқа дейін жететін даулардың үлесі әлі де өте төмен», - деді Аслан Түкеев.

Оның айтуынша, халықпен тығыз жұмыс істейтін Қаржы министрлігіне қатысты жылына шамамен 11–12 мың іс сотқа түседі. Миллиондаған салық төлеушілер мен олардың күнделікті операцияларын ескерсек, бұл өте аз.

Ал сотқа жүгінген азаматтардың жеңіске жету көрсеткіші өте жоғары. Статистикаға сүйенсек, салыққа қатысты даулардың 58 пайызында сот мемлекеттік органның шешімін қате деп тауып, кәсіпкерлер мен азаматтардың пайдасына шешім шығарған.