Қасен Ерімбетов - 6 баланың әкесі, отбасының асыраушысы. Ол бірнеше айдан бері жұмыссыз, қазір ауыр жағдайда аурухана төсегіне таңылды
Түркістан облысы Ордабасы аудандық сотының залында мұғалім Қасен Ерімбетов қарнына екі рет пышақ салды. Жиырма минуттан соң оны жедел-жәрдем көлігі аруханаға алып кеткен. Соған дейін ол камераға судьяның шешіміне қарсы екенін айтып үлгерген. «Соттар сатылады, мені 5 күнге қамап жатыр. Судья Мырзабеков менің құқығымды шектеп жатыр», - деді қансырап отырған Қасен Ерімбетов. 24 жыл еңбек өтілі бар ұстазды биыл қаңтар айында М.Х. Дулати атындағы жалпы білім беретін мектептен шығарып жіберген. Өз құқығын қорғамақ болған ол еңбек инспекциясына жүгінеді. Ресми орган өкілдері мектеп директорының әрекетін заңсыз деп тауып, мұғалімді қайтадан жұмысқа қабылдау туралы арнайы нұсқама берген. Алайда іс мұнымен бітпей, сотқа ұласады. Оқиғаның толық мән-жайын Azattyq Rýhy тілшісі анықтады.
Мұғалімнің інісі Азат Ерімбеттің айтуынша, 2025 жылғы 18 желтоқсанда мектеп директоры №22 бұйрығын шығарған. Құжатқа сай Қасен Ерімбетов директордың лауазымынан босатылып, мұғалім қызметіне ауысқан.
«Осыдан кейін Қасен ағам еңбек инспекциясына арызданып, бұйрықтың заңдылығын тексеруді сұрады. Еңбек инспекциясы №22 бұйрықтың еңбек заңнамасына қайшы екенін анықтап, оны жою және қызметкерді бұрынғы лауазымына қайта орналастыру туралы нұсқама береді. Алайда нұсқама орындалмайды. Орындамақ түгілі, директор 2026 жылдың 22 қаңтарында №5 деген жаңа бұйрық шығарды. Қасенге орынбасарлықтың ақшасы төленсін дейді де, мүлде жұмыстан шығарып жібереді. Ағам қайтадан еңбек инспекциясына жүгінеді. Екінші рет жүргізілген тексеріс барысында да еңбек инспекциясы бұрынғы қорытындысын растап, бұйрықтардың заң талаптарына сәйкес келмейтінін көрсетіп, оларды жою жөнінде тағы да нұсқама береді. Бірақ нұсқама сол күйі қалады. Қасеке үшінші мәрте арызданады. Бұл жолы инспекция бұған дейінгі берілген қатаң сөгістердің, бұйрықтардың бәрін түк қалдырмай тексеріп, директорға: «сіздің істеп отырған әрекетіңіздің, бұйрықтарыңыздың бәрі заңсыз» дейді. Осы үшінші тексеріс кезінде кенеттен тағы бір, төртінші бұйрық пайда бола кетті. Оның алдындағы тексерістерде ол бұйрық атымен жоқ болатын. Бізге ол құжатты әлі күнге дейін бермей отыр, бірақ кеше сотта көрсетті», - деді ол.
Осы аралықта іс сотқа дейін жеткен.
«Бірінші сот отырысында ағам судьяға сенімсіздік білдіріп, қарсылық (отвод) берді. Сол кезде сот оған Әкімшілік кодекстің 653-бабы, 1-бөлігін қолданып, ескерту жасады. Кейін 28 мамырдағы отырыста ағам тағы да қарсылық (отвод) берді. Содан олар 653-баппен хаттама толтырды. Кеше сотқа бардық, отырыс таңғы сағат 10-да басталды. Қасен ағам: «мен сотқа ешқандай құрметсіздік танытқаным жоқ. Тәртіп сақтадым, тұр десе тұрдым, отыр десе отырдым. Мен тек судьяға қарсылық (отвод) бергеннен кейін ғана орнымнан тұрып, залдан шығып кеттім» деп түсіндіріп, айтып жатты. Алайда, сот хаттамасына ағамның «залда тәртіп бұзғанын, сотқа құрмет көрсетпей шығып кеткенін» жазып жіберген. Ақыр соңында сот шешім шығарып, ағама 5 тәулікке әкімшілік қамау жазасын кесті. Дәл осы сәтте, әділетсіздікке шыдай алмай, күйіп кеткен ағам судья шығып бара жатқанда орнынан айғайлап тұрды да, өзіне пышақ салды. Қазіргі уақытта Қасен Ордабасы аудандық ауруханасында ауыр халде жатыр, жағдайы өте күрделі. Біз осы оқиғаның барлық мән-жайын объективті түрде, қайтадан әділ қарауды талап етеміз. Ағам жұмыстағы құқығын қорғаймын, әділдік іздеймін деп барып, қазір өлім аузында жатыр», - деді ол.
Қасен Ерімбетовтің адвокаты Жаңабек Әбішев мектеп директоры заң бұзып отыр дейді.
«Іс материалдарына қарасақ, жұмыс беруші бір емес, бірнеше бұйрық шығару арқылы қызметкерді өз еркінен тыс басқа лауазымға ауыстыруға және еңбек шартын заңсыз тоқтатуға барынша тырысқан. Мысалы, олар бұрынғы №22 бұйрықтың күшін жою туралы жаңа құжат қабылдайды. Бірақ бұл бұйрықтың мазмұнында ескі бұйрықтың не себепті, қалай жойылғаны туралы нақты, құқықтық тұрғыдан сауатты негіздеме атымен жоқ. Бәрі бұлыңғыр. Оның үстіне, қызметкерді басқа жұмысқа ауыстырған кезде оның ешқандай келісімі алынбаған. Бұл - Еңбек кодексінің 38-бабын ашықтан-ашық бұзу деген сөз. Себебі, заң бойынша кез келген қызметкерді басқа қызметке ауыстыру тек оның жазбаша келісімімен ғана жүзеге асуы тиіс. Жұмыс берушінің бұл әрекеті- Ата заңымыздың, Конституцияның 24-бабында бекітілген азаматтардың еңбек ету бостандығы мен жұмысты өз еркімен таңдау құқығына қол сұғу. Аталған бап әр адамның өз кәсібін еркін таңдауына кепілдік береді және ешкімді еркінен тыс еңбекке мәжбүрлеуге болмайтынын нақты шегелеп айтқан. Сондықтан, біз жұмыс берушінің бұл бұйрықтары мен іс-әрекеттерін заңсыз деп тануды сұраймыз», - деді ол.
Адвокат сот процесіндегі жағдайға қатысты өз ұстанымын білдіріп, судьяға қарсылық (отвод) берілген кезде соттың әрекет ету тәртібіне тоқталды. Оның айтуынша, қарсылық (отвод) берілген сәттен бастап сот процесі уақытша тоқтап, алдымен судьяға қатысты шешім қабылдануы керек.
«Адвокат ретінде мен сіздерге заңның да, осы оқиғаның да астарын ашып айтайын. Заң бойынша, егер сотқа қарсылық (отвод) берілсе, сол секундтан бастап ол судьяның билігі тоқтайды. Ол басқа мәселелерді талқылап, біреудің пікірін сұрай алмайды, залдан шығып кетуі керек. Бірақ біздің судьялар заңды белден басып, орнынан тапжылмай отырып алады. Заңсыздықты көріп, біз де залдан шығып кетеміз. Маған «Қайда барасың?» дегенде, мен: «Сізге қарсылық (отвод) берілді, сіз қазір судья емессіз, мен неге отыруым керек?» деп тік айтамын. Бізбен бірге залдағы журналистер де, тыңдаушылар да шығып кетеді. Бұл жағдай судьялардың намысына қатты тиеді. Неге? Өйткені біздің өңірдің менталитеті бөлек. Бізде дінге, үлкенге құрметтің арты кейде «ләппай тақсырға» әкеп соғады. Халық сотты «құдайдың жердегі орынбасарындай» көріп, осы уақытқа дейін ешкім оларға қарсы келуге батпаған. Осыған еті үйренген кеткен судьялар өздеріне заңды талап қойылғанда шамданып қалады, «сотты құрметтемедің» деп әкімшілік жазамен қамағысы келеді. Бірақ заң жүзінде бұл – нағыз сауатсыздық. Бізде қылмыстық іс жүріп жатыр. Қылмыстық істің өз кодексі бар, ол - үлкен заң. Ал Әкімшілік кодекс - оның қасында кіші заң. Қылмыстық процесс жүріп жатқан жерде Әкімшілік кодекстің бабын тықпалап, адамды қамау деген мүлдем заңсыз», - деді адвокат.
Журналист, заңгер Ләззат Асанова ұстаздың жағдайына қатысты пікірі беріп, ҚР Жоғарғы Сотына үндеу жолдады.
«Құрметті Асламбек Амангелдіұлы. Біз сізден Хасен Ерімбетовтің қатысуымен қаралған сот процестерінің заң талаптарына сәйкестігіне назар аударуды, қажет болған жағдайда қызметтік тексеру жүргізу мәселесін қарастыруды және қоғамды алаңдатқан сұрақтарға ресми жауап берілуін қамтамасыз етуді сұраймыз. Өйткені мәселе тек бір адамның тағдыры емес. Бұл – әділ сотқа деген сенімнің мәселесі», - деді ол.
Қасен Ерімбетов - 6 баланың әкесі, отбасының асыраушысы. Ол бірнеше айдан бері жұмыссыз, қазір ауыр жағдайда аурухана төсегіне таңылды. Туыстары оның хал-жағдайын білу былай тұрсын, бауырын көзбен көріп шығуға зар болып отырғандарын айтады. Науқастың інісінің сөзінше, емдеу мекемесіндегі палатаны полиция қызметкерлері сыртынан күзетіп тұр. Ал аурухана дәрігерлері науқастың денсаулығына қатысты ешқандай ресми ақпарат бере алмайтындарын айтып, түсініктеме беруден қашып отыр. Қасен Ерімбетовтің ісі әлемметтік желіде кеңінен талқыланып жатыр.
Azattyq Rýhy редакциясы Түркістан облысының полиция департаментіне сұрау жолдады, алайда полиция соттың баспасөз қызметіне сілтеді. Редакция Ордабасы ауданының сотынан, Түркістан облысы білім басқармасынан және денсаулық сақтау басқармасынан жауап күтіп отыр.