«Өлтірем»: Жетісу облысында сиырдың үстіндегі жазу тұрғындарды шошытты

Автор: Алмас Ерсін

Сиырды қорлап, денесіне қорқыту сөзін жазып кеткендерге қатысты полиция тексеру бастады

Фото: t.me/halyqstan/14297

Жетісу облысы Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылында жануарға қатыгездік көрсету фактісі жұрттың жағасын ұстатты. Белгісіз біреулер сиырға еден бояуын құйып, көзін күйдіріп жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сонымен қатар малдың бүйіріне «Өлтіремін» деген жазу жазып кеткен.

Зардап шеккен жануардың видеосы алғашында HALYQSTAN Telegram-арнасында жарияланды. Сиырдың иесі Серік Сапиров болған жағдайдан қатты күйзелгенін айтты.

Оның сөзінше, мал шынымен біреудің ауласына кіріп, шөбін жеп қойған күннің өзінде, ауылдағы кез келген мәселені өркениетті түрде шешуге болатын еді.

«Егер менің сиырым біреудің ауласына кіріп, шөбін жеп қойса, ауылдастарымнан кешірім сұраймын. Бірақ бұл жануарды азаптауға себеп бола ма?» – деді фермер.

Мұндай қатыгездік пен ашық қоқан-лоқыға төзбеген ер адам Ақсу аудандық полициясына ресми түрде арыз жазып, жануарға зәбір көрсеткен адамды тауып, жауапқа тартуды талап етті.

Резонанс тудырған оқиғаға Жетісу облыстық полиция департаменті де пікір білдірді. Ведомство өкілдері аталған дерек бойынша жан-жақты тексеру басталғанын хабарлады.

«Полиция қызметкерлері осы оқиғаға қатысы бар адамдарды анықтау үшін іздестіру және тексеру шараларын жүргізіп жатыр. Тексеру қорытындысы мен оқиғаның барлық мән-жайы анықталғаннан кейін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Сондай-ақ полиция тұрмыстық жанжалдар мен ауыл ішіндегі даулы мәселелер тек заң аясында шешілуі керек екенін қатаң ескертті.

Департамент өкілдері өз бетінше әрекет ету, бөтеннің мүлкіне қасақана зиян келтіру және жануарларға қатыгездік көрсету Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін атап өтті.