Көкшетауда пышақ жарақатын алған жасөспірім ауыр жағдайда ауруханаға түсті

Автор: Алмас Ерсін

Дәрігерлер 17 жастағы науқастың жағдайын тұрақтандырған. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды

Фото: istockphoto.com

Көкшетауда 17 жастағы жасөспірім кеуде тұсынан ауыр пышақ жарақатын алып, ауруханаға ауыр хәлде түсті. Қазір дәрігерлер оның жағдайы тұрақтанғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy nayza_kokshe парақшасына сілтеме жасап.

Оқиға 27 мамыр күні кешке облыс орталығында болған. Қансырап жатқан жасөспірім Ақмола облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, хирургия бөлімінде ем алып жатыр.

Дәрігерлердің мәліметінше, науқастың жағдайын тұрақтандыру мүмкін болған. Алдын ала диагноз – кеуде қуысының кесілген-тесілген жарақаты.

Жасөспірімнің қандай жағдайда жараланғаны әзірге ресми түрде хабарланған жоқ. Болжамдардың біріне сәйкес, оқиға таныстарымен болған жанжалдан кейін орын алуы мүмкін.

Ақмола облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.