Қазақстанның шығысында жойқын дауыл соқты

Автор: Алмас Ерсін

29 мамыр күні Абай облысының бір ауданында төтенше жағдай жарияланды 

Фото: istockphoto.com

29 мамыр күні Абай облысында табиғат апаты Аягөз ауданына соққы беріп, өңірде төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындарға аса қажет болмаса, көшеге шықпау ескертілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Дауыл Аягөз ауданын әбігерге салды. Дауылды жел үйлердің шатырын ұшырып, бағаналарды құлатып, бірқатар елді мекенді жарықсыз қалдырған. Көпқабатты үйлер, жеке баспаналар, мектеп, мейрамхана, қоймалар және казармалар зақымданған.

Кей үйлерде электр қуатының үзілуінен тұрмыстық техника жанып кеткен. Тұрғындар шығын көлемін есептеп жатыр. Ал коммуналдық қызмет мамандары үздіксіз жұмыс істеуде. Ауданда төтенше жағдай режимі жарияланған.

«Секундына 28 метрге дейін жеткен қатты жел салдарынан Аягөз қаласы мен Баршатас, Өркен, Мамырсу ауылдық округтерінде шатырдың ұшуына қатысты 19 жағдай тіркелді. Қазіргі уақытта Аягөз ауданында төтенше жағдай жарияланды», – деді Аягөз ауданы әкімдігі аппаратының баспасөз хатшысы Мадина Бакимбаева.

Әкімдік өкілінің айтуынша, төтенше жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылған.