Чемпионның айналасындағы дау толастар емес
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров өзінің жалақына және төлемдерге Туризм және спорт министрлігінің берген жауабына өз пікірін білдірді. Ол әлеуметтік желі ұзақ жазба арнап, бүкіл мән-жайды түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Спортшының айтуынша, министрлік әлі күнге дейін оған Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері куәлігін де табыстамаған.
«Маған қолдау көрсеткен, жылы сөздерін арнап жатқан барша қазақстандыққа алғысымды білдіремін. Жалған ақпараттың жетегіне еріп кетпегендеріңізге көп рақмет. Сіздердің сенімдеріңіз мен үшін өте маңызды. Өкінішке қарай, кейбір мәселелерді қоғамдық талқылауға шығармайынша шешу мүмкін емес. Қандай да бір мемлекеттік органмен айтысып-тартысқым келмейді. Бірақ мені қаралауына да жол беріп, қарап отыра алмаймын. Мәселенің анық-қанығын айтайын. Маған Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері куәлігі әлі күнге дейін берілген жоқ. Мен оның нормативін 2025 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде алып орындаған болатынмын. Рәсімдерге қажетті құжаттардың бәрін өткіздім, бірақ куәлікті алмадым. Маған салтанатты шара жасап берсін демеймін, пошта арқылы салып жіберсе де ризамын. Ол куәлік - менің жылдар бойғы еңбегімнің нәтижесі, менің артымда қалатын жәдігерім», - деді ол.
Михаил Шайдоровтың айтуынша, өмір бойы төленетін жәрдемақы туралы министрлік шындықты бұрмалаған.
«Ал енді Олимпиада ойындары үшін берілетін ақшалай сыйақыларға қатысты сұрағым жоқ, ол уақытты алатын процесс екенін түсінемін. Өмірлік төлемдерге қатысты ақпаратты берерде министрлік асығыстық танытыпты. Ол төлемдер тек 20 жылдық еңбек өтілі болған кезде ғана беріледі. Ал менің жасым қазір бар болғаны 21-де. Қазіргі уақытта ол төлемдер туралы ойламаймын, бәлкім болашақта болар. Бірақ қазір бұл туралы айту ерте, алда жұмыс көп, әлі еңбек сіңіруім керек», - деп түсіндірді ол.
Спортшы қоғамда қызу талқыған түскен жалақысы туралы өз нұсқасын айтты. Келісімшартқа қол қойылмаудың да негізгі себебі басқа дейді ол.
«Жалақыма келер болсам, басқа да жоғары деңгейдегі көптеген спортшылар сияқты, мен де Федерация мен Спортты дамыту дирекциясынан жалақы аламын. Федерациямен келісімшарт жасалған болатын. Бірақ маған айтуларынша, Спортты қолдау қоры қаржыландыруға өтінімді қарастырып жатқандықтан, төлемдер кешігіп жатыр. Сол себепті мен де, менің командам да 5 айдан бері жалақы алған жоқпыз. Спортты дамыту дирекциясы маған қаңтар айының және 2026 жылдың 22 ақпанына дейінгі жалақымды шынымен төледі. 2026 жылға арналған жаңа келісімшартты талқылау үшін менімен және командаммен тек мамыр айының ортасында ғана байланысқа шықты. Менде мұны растайтын хаттар бар. Келісімшартқа қол қойылмау себебі менің ұсынылған сомаға келіспеуімнен немесе кездесуге келуден бас тартуымнан емес екенін нақты айтқым келеді. 2026 жылдың соңына дейін жарамды келісімшартта 2030 жылғы Олимпиадада медаль жеңіп алу міндеттемесі жазылып тұр. Біз командамызбен бұл тармақты заң тұрғысынан қайта қарауды сұрадық, өйткені бұл ақылға қонымсыз әрі мүмкін емес нәрсе. Маған ұсынылған келісімшарт 2026 жылдың соңына дейін ғана жарамды. Олай болса, мен тек 4 жылдан кейін өтетін Олимпиаданың медалін қазір, 2026 жылы қалай ұтып аламын? Біз бұл сұрақтарды заңгерлерге қойып, осы тармақты қайта қарауды өтіндік, бірақ содан бері бізбен ешкім байланысқан жоқ. Осының бәрін ескере келе, мен төлемдерді, келісімшарт жасасуды және басқа да мәселелерді қолдан созып отыр деген ойға келдім. Сондықтан да бұл мәселені ашық айттым», - дейді Шайдоров.
Айтуынша, спортшы командасымен бірге бір ай бойы жаңа маусымға дайындық туралы сұрақтарды жолдағанымен, ешқандай жауап ала алмаған.
«Шындығына келгенде, мен бақытты адаммын, өзімнің сүйікті ісіммен айналысып жүрмін. Ақша мен үшін өмірдің мәні емес. Әлі-ақ ақшаны тауып үлгеремін. Мен тек маған уәде етілген барлық жағдайдың орындалуын қалаймын. Алайда ақпан айынан бері менің қарайтын дәрігерім де жоқ. Осы қордаланған мәселенің бәрін елге жария етті деп сөгіп жатқандар бар. Шынымды айтайын, мен осы тақырыпты көтеру үшін әдейі сұхбатқа барған жоқпын. Маған сұрақ қойылды, мен шынымды айттым. Мен өтірік айта алмаймын. Шын мәнінде, бір ай бойы біздің жаңа маусымға дайындық туралы сұрағымызға құлақ асқан жан болмады. 5 маусымға оқу-жаттығу жиындары жоспарланғанын, оның маған өте қажет екенін түсіндіріп, алдын ала хабарладық. Мұның бәрін айттық, бірнеше рет қоңырау шалдық, шығындар сметасын жібердік, бағдарламаны қою құнын төлей ала ма, оқу-жаттығу жиындарын қаржыландыра ма, билеттерді алып бере ме деп сұрадық. Бірақ бүгінгі күнге дейін ешқандай нақты жауап та, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру да болған жоқ. Ал біз бір аптадан кейін ұшамыз. Маған сеніңіздер, егер мен осы уақытқа дейін Олимпиада алтыны үшін қаражатты алған болсам, мен дайындықты өз есебімнен ұйымдастырып, мәселені көпшілікке жария етпес едім. Бірақ мен әркім өз жұмысын істеуі керек деп есептеймін. Мен спортшымын, менің жұмысым күніне үш рет жаттығуға шығу. Оны істеп те жүрмін. Егер мен осы маусымға, соның ішінде барлық дайындық пен оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға қаржы алатын болсам, онда өзімнің барлық төленбеген жалақымды Балаларды қорғау күніне орай балаларға көмек ретінде жіберемін деп шештім. Бұл менің және мені қолдайтын барша қазақстандықтардың атынан жасалған сыйлық болсын. Балалар - біздің болашағымыз, барымызды бағалауымыз керек. Бейжай қарамай, қолдау көрсеткендеріңіз үшін тағы да рақмет», - деді ол.
Бұған дейін Миланда өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров жарты жылға жуық жалақы алмағанын айтқан соң, Туризм және спорт министрлігі түсініктеме берген еді. Сондай-ақ қазір келісімшарт жобасы өзара талқыланып, құқықтық тұрғыдан пысықталып жатқаннын мәлімдеген.