Оқыс жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды
20 мамыр күні Екібастұзда «Өнер» қалалық мәдениет орталығының маңында бес жастағы бала ашық жатқан құдыққа құлап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Зардап шеккен баланың анасы болған жағдайдың мән-жайын айтып берді. Оның 2019 жылы туған ұлы абайсызда тереңдігі екі метрден асатын ашық құдыққа құлап кеткен. Қауіпті нысан мәдениет орталығының дәл жанында орналасқан. Ол жерде ешқандай қоршау, ескерту белгісі немесе қорғаныс құрылғысы болмаған.
Құлағаннан кейін бала жарақат алған. Қазір ол қаладағы медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер қажетті көмекті көрсетуде.
Оқиға сәті мәдениет орталығы маңындағы бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Видеода баланың құдыққа құлап кеткені, кейін өз күшімен сыртқа шыққаны анық көрінеді.
Екібастұз қалалық полиция басқармасы оқиғаға қатысты пікір білдірді.
«Полиция магистральдық құбырларды салу, пайдалану немесе жөндеу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу аясында қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады», – деп мәлімдеді Екібастұз полициясы.
Тергеу барысында құқық қорғау органдары аталған аумақтың күтімі мен қауіпсіздігіне жауапты тұлғаларды анықтап жатыр.