Видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті
Әлеуметтік желіде Астанадағы жұмыс істеп тұрған LRT желісінің астындағы жылы автобус аялдамасында электрплита мен қазан қойылған видео тарап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кадрлардан аялдама ішінде еденге қосылып тұрған электрплита қойылғанын, оның үстінде үлкен қазан тұрғанын көруге болады. Болжам бойынша, ішінде ас дайындалып жатқан болуы мүмкін. Жанында телефонмен сөйлесіп жүрген әйел байқалады, алайда оның бұл жағдайға қатысы бар-жоғы белгісіз.
«LRT салынса, Дубай боламыз деген еді. Ал қазір LRT астындағы аялдамада ас пісіріп, Мумбайға айналып бара жатқан сияқтымыз. Аялдама – тамақ әзірлейтін жер емес, өрт шығуы мүмкін», – делінген видео сипаттамасында.
Әлеуметтік желі қолданушылары қоғамдық орында электрплитаны пайдалану қауіпті екенін айтып, мұндай жағдай өртке себеп болуы мүмкін екенін жазуда. Кейбір пікір қалдырушылар бұл әйелдің аялдама ішінде бұған дейін де ас дайындағанын көргендерін айтқан.
Біздің агенттікке City Transportation Systems компаниясы автобус аялдамаларына Астана қаласы әкімдігінің Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы жауапты екенін хабарлады.
Ал әкімдікте бұл жағдайға қатысты пікірді полиция департаменті бере алатынын айтты. Редакция полицияға ресми сауал жолдады.