Көбейтұзға көлікпен кірген жүргізушіге 14 мың теңге айыппұл салынды

Автор: Azattyq Rýhy

Жаңа Экологиялық кодексте заңнаманы бұзғандарға салынатын айыппұл мөлшері артады

Фото: баспасөз қызметінен

Әлеуметтік желіде Көбейтұз көліне көлігімен кіріп кеткен азаматтың фотосы тараған еді. Ақмола облысының полиция қызметкерлері жүргізушіні ұстап, жауапқа тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Осы жағдай бойынша құқық қорғаушылар тәртіп бұзушыны екі бап бойынша әкімшілік жауапқа тартқан. Атап айтқанда оған әкімшілік кодекстің 364-бабы (Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша ескерту жарияланып, 434-бабының ІІ тармағы бойынша (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) 5 АЕК (13 890 теңге) айыппұл салынды», - деп жазылған хабарламада.

Экология министрлігі аталған бап бойынша айыппұлдың төмен екенін және қоршаған ортаны қорғау бойынша көп жұмыс атқарылып жатқанын мәлімдеді.

«Жаңа Экологиялық кодексте заңнаманы бұзғандарға салынатын айыппұл мөлшері артады. Тіпті, қылмыстық жаза да тағайындалуы мүмкін», - деп жазылған хабарламада.

Естеріңізге сала кетсек, кеше Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Көбейтұз көлін қорғау шараларын қабылдайтынын мәлімдеген еді.