Қазақстан полициясы бірнеше ай ішінде 909 адамды не үшін ұстағанын жария етті

Автор: Бақыт Шынар

Олардың бәрі алаяқтыққа қатысы бар адамдар болып шыққан

Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

2026 жылдың 1 ақпан – 30 сәуір аралығында республика аумағында «Anti-froud» профилактикасы өтіп, операция кезінде 909 адам ұсталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жалпы, осы аралықта 827 киберқылмыс анықталса, оның 585 қылмыстық ісі бойынша тергеу аяқталған.

Ішкі істер министрлігі Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, бұл адамдардың арасында шетелдіктер де бар.

«Киберқылмыстарды жасауға қатысы бар барлығы 909 адам анықталды, оның 12-сі шетел азаматы. Олардың 88-і қамауға алынды, 600 астам адамға ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қабылданды. Заңсыз айналымнан 17 мыңнан аса дана киберқылмысты жасау барысында пайдаланылатын әртүрлі заттар тәркіленді. Киберқылмысты жасағаны үшін іздеудегі 5 қылмыскер ұсталды», - деді ол.

Айта кетейік, бүгін ішкі істер министрлігі сондай-ақ Украина соты алаяқтарға алданған 160-тан астам қазақстандықтың ақшасын қайтарып береді деп мәлімдеген еді.