Украина соты алаяқтарға алданған 160 қазақстандықтың ісін қарап, ақшаларын қайтарып береді – ІІМ

Автор: Бақыт Шынар

Қазақстанның полициясы Украина полициясымен бірге ірі операция өткізген көрінеді

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Биыл көктемде Қазақстанның полициясы Украина полициясымен бірге Днепр қаласында қазақстандықтарды алдап келген 3 Колл-орталыққа басып кіріп, 53 адамды ұстап алған. Днепрден түскен қоңырауға алданып, ақшасынан айырылған 160 Қазақстан азаматының ақшасын Украина соты қайтарып бермек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай мәлім етті.

«Биыл 31 наурыз күні Қазақстанның ішкі істер министрлігі Украинаның полициясымен бірлесіп, кең көлемді арнайы операция өткізген. Бұл операция Днепр қаласында орналасқан 3 Колл-орталықтың қызметі жойылды. Ондағы алаяқтар қазақстандықтарды алдап келген. Арнайы операция нәтижесінде 53 шетел азаматы ұсталды, оның ішінде 8-і қамауға алынды», - деп хабарлайды ол.

Жандос Сүйінбайдың мәліметіне сүйенсек, осы үш орталық 160-тан астам қазақстандықты алдаған.

«Осы жұмыстың қорытындысы бойынша 160-тан аса қазақстандық жәбірленуші ретінде анықталды, оларға келген шығынды Украина сот шешімімен қайтарады. Болашақта да бірқатар шет мемлекеттермен осындай бірлескен арнайы операциялар өткізу жоспарланып отыр», - деді Жандос Сүйінбай.