Оның ісі алаяқтық бабымен қаралған
Ақмола облысы Целиноград аудандық соты үш жігіттен 1 млн теңге көлемінде пара алған дәрігерді 3 жыл алты айға шартты түрде соттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақмола облысының соттары хабарлағандай, емханада жұмыс істейтін дәрігер үш жігітке жалған ақпарат беріп, жаңылыстырған.
«Сот анықтағандай, 2025 жылдың қазан-желтоқсан айлары аралығында дәрігер үш жас жігітке әскери қызметті кейінге қалдыруға көмектесетінін айтып, ақылы қызмет ұсынған әрі жаңылыстырған. Үш жігіттің әрқайсысы 350 мың теңгеден, жалпы сомасы, 1 млн теңгеге жақын ақша аударған», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Сотта дәрігер кінәсін мойындап, үш жігітке ақшаларын толық көлемде қайтарып бергенін айтқан. Әскерден қашқан үш жігіт ақшаларын толық қайтарып алдық деп, дәрігерді кешірген.
Осы жайттарды ескерген сот емхана дәрігерін шартты түрде 3 жыл алты айға соттап, бір жыл бойы медициналық қызмет атқаруға тыйым салған.