2 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды
Шымкент қаласында коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында Еңбекші және Әл-Фараби ауданы аумағында рейд жүргізілді. Қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Еңбекші ауданы Полиция басқармасы мен жұмысшы топ өкілдері 19 шілдедегі түнгі сағат 01:00 шамасында Шымкент қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 9 шілдедегі қаулысында көрсетілген талаптарды өрескел бұзған Еңбекші ауданы Тауке хан даңғылы, №73 мекенжайында орналасқан «GQ» караоке-барының жұмыс жасап жатқанын анықтады.
Қаулы талаптарын бұзғаны үшін заңды шара қолдану мақсатында Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
«Сондай-ақ Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасы Адырбеков көшесі, №39 үйде орналасқан «Мята» Lounge барының ішінде сағат 00:38 шамасында 7-8 адамның отырғанын анықтады. Келуші азаматтардан түсініктемелері алынып, 2 азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған», - деп хабарлайды.
«Мята» Lounge барының иесі мен келуші азаматтар бойынша іс-құжаттар жинақталып, Әл-Фараби аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына өз тарапынан ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-тармағы бойынша әкімшілік шара қолдану үшін жолданды.