ЖОО өкілдері алдағы сессияның бұл қайғылы жағдайға қатысы жоқ екенін мәлімдеді
Алматыда ұлттық университеттердің бірінде оқитын бірінші курс студенті оқу ғимаратының сегізінші қабатынан секіріп кетіп, оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы жағдай 6 мамыр күні таңғы сағат тоғыздар шамасында болған. Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, жас жігіт «Философия» білім беру бағдарламасының бірінші курсында мемлекеттік грант негізінде білім алған.
«Университеттің психологиялық қолдау қызметінің мәліметіне сәйкес, студент осы оқу жылы ішінде психологиялық көмекке жүгінбеген және мамандардың қабылдауында болмаған. Оның психоэмоционалдық жағдайына қатысты қандай да бір шағымдар немесе алаңдатарлық белгілер тіркелмеген. Оқытушылардың айтуынша, студент жақсы оқыған, тәртібіне қатысты ескерту болмаған», – деп мәлімдеді жоғары оқу орнының өкілдері.
Университет өкілдері алдағы сессияның бұл жағдайға еш қатысы жоқ екенін айтты. ЖОО басшылығы қаза тапқан студенттің отбасымен кездесіп, көңіл айтып, жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты мән-жайы белгісіз. Аталған факті бойынша құзырлы органдар тексеру және тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға байланысты Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын айтты. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.