Темір тұлпар иесі зейнеткерді ұрғанымен қоймай, «Тәртіп сақшыларына хабарлассаң, өлтіремін» деп қорқытқан көрінеді
Жол бөлісе алмаған көлік жүргізушісі қарияны аямастан ұрып тастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.
Оқиға Қостанай қаласында болған. Темір тұлпар иесі зейнеткердің денесіне ауыр зақым келтіріп, «Тәртіп сақшыларына хабарлассаң, өлтіремін» деп қорқытқан көрінеді. Енді ол бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұл – Қостанайдағы гараж кооперативіндегі бақылау камерасынан алынған кадрлар. Зейнеткер Анатолий Шевцов өз туған күнінде гараж алдында күзетшімен әңгімелесіп тұрған. Бұдан кейінгі кадрда оның көшелес көршісі пайда болады. Ол қарияның машинасын айналып өтуге әрекеттенеді. Өз кезегінде Анатолий Шевцов оған жол нұсқауға жәрдемдеседі. Бірақ егде кісіге алғыс айтудың орнына темір тұлпар иесі оны жұдырықтың астына алады. Қария басынан жеті рет соққы алады.
«Мені ұрғанда мұрнымнан қан ағып, тізерлеп отырып қалдым. Сол кезде ол «Полицейлерге хабарлассаң, өлтіремін» деп қорқытты», – дейді жәбірленуші Анатолий Шевцов.
Анатолий Шевцов қанды ұзақ уақыт тоқтата алмаған. Оған медициналық көмек қажет болған. Дәрігерлерлік тексеру қорытындысы көңілге қонымды емес.
«Бас сүйек-миына қатты зақым келтірген. Миы шайқалып, мұрны сынған. Алдыңғы екі тісінің бірі ұшып кеткен», – деді әкесінің денсаулығы туралы жәбірленушінің қызы Инна Найдёнова.
Қатыгездіктің салдарынан 69 жасқа толған күнінде зейнеткердің бет-әлпетінің сау-тамтығы қалмаған. Кінәлі азамат полиция қолына араға 9 күн салып, бүгін түсті. Ол Шевцовтан 28 жас кіші жергілікті кәсіпкер екен.
«Кінәлі тұлға өз қылығына өкініп, бәрін мойнына алды. Ол бұзақылық бабы бойынша қамауға алынады немесе айыппұлмен жазаланады», – деп пікір білдірді ПД оңтүстік бөлімше бастығының орынбасары Сергей Бугай.
Енді Анатолий Шевцовтың туған-туыстары істі сотқа дейін жеткізіп, бұзақыны заң жүзінде жауапқа тартуға мүдделі.