Қатты жауын салдарынан Т1 және Т2 терминалдарының кей аймақтарында су аққаны тіркелді
Қатты жауыннан кейін Алматы халықаралық әуежайының терминалдарында шатырдан су өткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желілерде жолаушылар тексеру аймағы, паспорттық бақылау және әуежайдың өзге де бөліктерінде су жиналғанын көрсететін видеолар жариялаған. Олардың айтуынша, оқиғаға байланысты кейбір учаскелер уақытша жабылған. Сондай-ақ куәгерлер сыртта үлкен шалшықтар пайда болғанын да түсіріп бөліскен.
Әуежайдың баспасөз қызметі мәлім еткендей, нөсер жауынның салдарынан Т1 және Т2 терминалдарының жекелеген аймақтарында су ағу фактілері тіркелген. Бұл жағдай рейстердің орындалуына әсер етпеген.
«Салдары 30 минут ішінде жедел жойылып, рейстердің орындалуына әсер еткен жоқ. Қазіргі уақытта әуежай қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін инфрақұрылым тексеріліп, себептері анықталып жатыр», – деп мәлімдеді әуежайдың баспасөз қызметі.