Аламан айтысты Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, белгілі ақын Аманжол Әлтай жүргізді
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында республикалық «Бес асыл» ұлттық өнер сайысы өтті. Командалық айтысты «AMANAT» партиясының қолдауымен Маңғыстау облысы әкімдігі ұйымдастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Іргелі іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов, Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Еділ Жаңбыршин мен Жанарбек Әшімжанов, «AMANAT» партиясы Орталық аппараты Саяси жұмыс департаментінің директоры Еркебұлан Жаулыбаев және «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев қатысты.
Дүбірлі додада Маңғыстау облысы және Шымкент қаласының өнерпаздары өзара бақ сынады. Ақындар сүре айтыс, түре айтыс, қайым айтыс, қыз бен жігіт айтысын жаңғыртты. Сондай-ақ қатысушылар дәстүрлі әнімізді әуелетіп, жырдан шашу шашып, күмбір-күмбір күй шалқытты.
Аламан айтысты Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, белгілі ақын Аманжол Әлтай жүргізді.
«Бес асыл» мега жобасында халқымыздың болмысын айқындайтын айтыс, жыр, терме, ән мен күй бір арнада тоғысады. Бұл – қанымызға сіңген қасиетті өнердің ұлы мерекесі, ел рухын көтеретін үлкен дода. Бүгін сөздің жүйрігі мен саздың саңлақтары қатар шығып, ұлттық өнердің шоқтығын биіктетпек. Екі өңірдің талантты ақындары айтыс арқылы елдің рухын көтеріп, көрерменге ерекше әсер сыйлайды», – деді Аманжол Әлтай.
Сонымен қатар «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Аламан доданың ұйымдастырылуы жастардың өнерге, сөз қадіріне деген құрметін арттырып, рухани сабақтастықты нығайтады. «AMANAT» партиясы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және айтыс өнерін қолдауға әрдайым басымдық береді. Бүгінгі сөз додасы – тек жарыс емес, елдің бірлігі мен рухын көтеретін маңызды мәдени алаң. Өнерпаздарға сәттілік тілеймін», – деді Нұрбек Қарасаев.
Осылайша, Маңғыстау облысының командасын ақын Нұрлан Мусаев, ал Шымкент қаласының командасын ақын Біржан Байтуов бастап шықты. Әр команда құрамында айтыскерлермен қатар жыршылар, күйшілер, термешілер және дәстүрлі әншілер өнер көрсетті.
Айтысқа қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның Халық жазушысы Жүрсін Ерман бастаған азаматтар төрелік етті. Нәтижесінде, қазылар алқасының шешімімен Маңғыстау облысының командасы жеңімпаз атанып, келесі кезеңге жолдама алды. Өз кезегінде, Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаев төл өнерімізді төрге оздырған ақындарға алғысын білдірді.
«Айтыс – халқымыздың жүрек үні, елдің мұңы мен қуанышын қатар жеткізетін киелі өнер. Бүгінгі жеңіс – Маңғыстау өнерпаздарының шеберлігі мен сахнадағы мәдениетінің нәтижесі. Барша айтыскерге ризашылығымды білдіремін, ал жеңімпаздарға жаңа белестер тілеймін», – деді Жансейіт Қайнарбаев.